oC

«Өркен» бөбекжайы»КМҚК

Тәрбиеші: Жанабергенова Айнур Жумагуловна

 

Білім беру саласы: Танымдық және коммуникативтік дағдыларды дамыту.

Ұйымдастырылған іс-әрекеттің тақырыбы: «Менің Отаным – Қазақстан!»

Мерекелік іс-шара: Республика күніне арналған ашық ҰІӘ.

Топ: Кіші топ «Құлыншақ»

 

Өткізілетін күні: 23 қазан.

Уақыты: 09:30.

Тәрбиеші: Жанабергенова А.Ж.

Мақсаты:

Балаларға Қазақстан Республикасы туралы қарапайым түсінік беру. Өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімін ояту. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туымен таныстыру, көк түсті туды тануға үйрету. Балаларды достыққа, бірлікке тәрбиелеу.

Міндеттері:

Білімділік: Қазақстан Республикасының атауын үйрету, мемлекеттік ту туралы қарапайым түсінік қалыптастыру.

Дамытушылық: Балалардың сөздік қорын молайту, есте сақтау, тыңдау және қайталау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік: Отанды сүюге, туған жерді құрметтеуге тәрбиелеу.

Қажетті көрнекіліктер:

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы, Қазақстанның суреттері, көк түсті жалаушалар, әуен, күннің суреті.

Әдіс-тәсілдер:

Көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын, қимыл-қозғалыс.

Ұйымдастырылған іс-әрекеттің барысы

  1. Ұйымдастыру кезеңі

Тәрбиеші:

– Сәлеметсіңдер ме, балалар! Қайырлы таң, қонақтар!

Бүгін біздің бөбекжайымызда ерекше күн. Біз еліміздің мерекесі – Республика күніне арналған іс-шара өткіземіз.

Балалар, бәріміз шаттық шеңберіне тұрайық!

Шаттық шеңбері:

Арайлап таң атты,

Алтын сәуле таратты.

Қайырлы таң, туған жер!

Қайырлы таң, достарым!

 

  1. Кіріспе бөлім

Тәрбиеші:

– Балалар, біз қай елде тұрамыз?

– Біздің Отанымыз қалай аталады?

Балаларға көмектесіп, хормен қайталату:

– Қазақстан!

– Жарайсыңдар, балалар! Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан – біздің туған еліміз.

– Балалар, бүгін біз Республика күнін атап өтеміз. Бұл – еліміз үшін маңызды мереке.

III. Негізгі бөлім

  1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туымен таныстыру

Тәрбиеші балаларға Қазақстанның мемлекеттік туын көрсетеді.

– Балалар, мынау не?

– Бұл – Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы.

– Туымыздың түсі қандай?

 

Балалардың жауабы: Көк.

Тәрбиеші:

– Дұрыс айтасыңдар! Біздің туымыз көгілдір түсті. Тудың ортасында күн мен қыран құс бейнеленген. Шетінде ұлттық ою-өрнек бар.

– Кәне, балалар, бәріміз бірге қайталайықшы: «Қазақстан!», «Ту!», «Көк түс!».

  1. Дидактикалық ойын: «Туды тап!»

Мақсаты: Балалардың мемлекеттік туды тануына көмектесу, көк түсті ажырата білуге үйрету.

Ойын барысы:

Тәрбиеші балаларға бірнеше түрлі түсті сурет көрсетеді. Балалар арасынан Қазақстанның көк туын табады.

Тәрбиеші:

–Балалар, Қазақстанның туын кім табады?

– Жарайсыңдар! Бұл – біздің көк туымыз!

  1. 3. Сергіту сәті «Көк туым»

Көк туымды ұстаймын,

Биікке оны созамын.

Оңға қарай тербелтіп,

Солға қарай тербелтіп,

Елімді мен сүйемін,

Бақытты өмір сүремін!

 

Балалар тәрбиешінің қимылдарын қайталайды.

  1. Шығармашылық ойын: «Туымызды желбіретейік!»

Тәрбиеші балаларға көк түсті жалаушаларды таратады.

Балалар әуен ырғағымен жалаушаларын жоғары көтеріп, оңға және солға тербетеді.

Тәрбиеші:

– Балалар, жалаушаларымыз қандай әдемі!

– Көк туымыз әрдайым биікте желбіресін!

  1. Қорытынды бөлім

Тәрбиеші балаларға сұрақтар қояды:

– Біздің Отанымыз қалай аталады?

– Қазақстанның туы қандай түсті?

– Бүгін қандай мереке туралы әңгімелестік?

Балалардың жауаптары мадақталады.

Тәрбиешінің қорытынды сөзі:

– Жарайсыңдар, балалар! Біздің Отанымыз – Қазақстан. Біз өз елімізді жақсы көреміз. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Көк туымыз биікте желбірей берсін!

  1. Мадақтау

Тәрбиеші балаларды мадақтайды:

– Жарайсыңдар, балақайлар! Бүгін бәрің де белсенді қатыстыңдар. Еліміздің кішкентай патриоттары бола беріңдер!

Күтілетін нәтиже:

Біледі: Қазақстанның өз Отаны екенін, мемлекеттік тудың бар екенін біледі.

Түсінеді: Қазақстанның мемлекеттік туының көк түсті екенін түсінеді.

Меңгереді: Мемлекеттік туды тануды, «Қазақстан», «ту», «көк» сөздерін айтуды және жалаушамен қарапайым қимылдар жасауды меңгереді